1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіледі — бұл мейірімділік, достық пен құрмет мерекесі. Бұл күн Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына орай белгіленіп, елдегі барлық этностардың бірлігі мен татулығын білдіреді. Осы мерекеде әртүрлі ұлт өкілдері қиын-қыстау кезеңдерде көрсеткен қонақжайлылығы мен қолдауы үшін қазақ халқына алғысын білдіреді. Мереке қарсаңында «Қостанай әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» үшін «Бейбітшілік пен келісім — біздің алғысымыз» атты іс-шара өтті. Қатысушылар Алғыс айту күнінің тарихы мен маңызы, сондай-ақ оның қоғамдағы келісімді нығайтудағы рөлі туралы мағлұмат алды. Тәрбиеленушілер үшін ұжымды біріктіруге арналған ойындар мен алғыс сезімін, бір-біріне деген құрметті дамытуға бағытталған «Мен алғыс айтамын…» тренингі өткізілді. Сондай-ақ ізгі істерді бағалаудың және сол үшін алғыс айтудың маңыздылығы туралы әңгіме оқылып, мультфильм көрсетілді. Іс-шара өзара түсіністік, бірлік пен құрмет атмосферасын қалыптастыруға ықпал етті.










