Ұлттық кітап күніне орай кітапхана өз есігін барлық оқырманға айқара ашты. Таңертеңнен бастап кітапхана балалардың күлкісіне және қызу әңгімеге толып, ерекше мерекелік көңіл күй орнады. Алғашқы қонақтар – №19 жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушылары болды. Олар «Кітап – білім бұлағы» атты жұмбақ-көрмемен қызығушылықпен танысты. Көрмеде қазақстандық және жергілікті авторлардың шығармалары, сондай-ақ түрлі тақырыптағы жаңа әдебиеттер ұсынылды. Әр кітап өз тарихын ашып, оқырманды ой мен қиял әлеміне жетеледі. Экскурсия соңында қазақ халық ертегілеріне арналған танымдық викторина өткізілді. Қатысушылар сиқырлы сандықтан алынған карточкалар арқылы ертегілердегі заттарды танып, олардың қай кейіпкерге қатысты екенін анықтады. Іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтіп, балаларға жағымды әсер қалдырды және олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырды.










