Қарапайым ғана қолжетімді материалдардан — қағаз стақан, шпажка мен үрленген шардан — ерекше әрі әсерлі қолөнер туындысын жасауға болатынын білесіз бе? Сенбі күні «Оригами+» үйірмесінің кезекті сабағында біз көлемді әуе шарын құрастырдық.
Сабақ барысы нағыз шабыт пен қиялға жетеледі: қатысушылар тек әуе шарының негізін жасап қана қоймай, оның «жолаушыларын» да өздері дайындады. Әркім өз қалауынша кейіпкерлерді таңдап, оларды бояп, әсемдеп, шар себетіне ұқыптылықпен орналастырды.
Нәтижесінде әр жұмыс өзіндік ерекшелігімен көз тартып, әсем әрі жарқын туындыға айналды. Осындай шығармашылық сабақтар балалардың қиялын дамытып қана қоймай, қарапайым дүниеден ғажайып жасауға болатынын көрсетеді.










