

«Шабыт сыйлайтын бағыт»: Қостанайда «Ibray step» марафоны өтті
21 мамыр күні Қостанай қаласында Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Ibray step» естелік марафоны өтті. Аталған іс-шара ұлы ағартушының рухани мұрасы ұрпақтарды біріктіріп, жастарды тарих пен білімге қызығушылық танытуға әлі де шабыттандырып келе жатқанын айқын көрсетті.
Марафонға Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің, ЧелМУ Қостанай филиалының және Қостанай колледжінің студенттері қатысты. Марафон бағыты Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасынан бастау алып, қаламыздағы ағартушының есімімен байланысты тарихи орындарды қамтыды. Қатысушылар орталық саябақтағы Ыбырай Алтынсарин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, артынша ағартушының кесенесіне зиярат етті.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Айбек Батырханұлы Шалғымбеков, Ы. Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Бақытбекұлы Оспанов.
Марафонның қатысушылар тарапынан шынайы қолдау тапқаны ерекше маңызды болды. Жол бойында қатысушылар бағдарламаға белсене атсалысып, Ыбырай Алтынсариннің тұлғасын және оның идеяларының бүгінгі қоғам үшін маңызын жаңа қырынан таныды.
Іс-шараның ерекше атмосферасын жоба серіктесі «АЗУРИТ» ӨСФ ұсынған кітапхана логотипі бар бірыңғай киім үлгісі (футболкалар), сондай-ақ «Жұлдыз» студиясының тәрбиеленушілері орындаған әсерлі музыкалық нөмірлер айқындай түсті.
Естелік марафонын өткізуге қолдау көрсеткен «АЗУРИТ» өнеркәсіптік-сауда фирмасына, сондай-ақ «Мята», «Оазис», «8 mart_kostanay» және «Romantic» гүл дүкендеріне алғыс білдіреміз.









