Нурмагамбетов Сагадат

Сағадат Нұрмағамбетов (1924-2013)

Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы Ақмола облысының Қосым ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. 1946 жылы Әскери академияны, 1981 жылы Бас штаб академиясын бітірді. 1950-1989 жылдары – Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округы әскерлері бастығының орынбасары, Оңтүстік әскер тобы (Венгрия) бастығының бірінші орынбасары. 1990 жылдан ҚР соғыс, еңбек және Қарулы күштері ардагерлері Кеңесінің төрағасы, 1991-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары ҚР қорғаныс министрі, армия генералы. 1996 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі. КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған. Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы.
Сағадат армия генералы болуды емес, география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған. Бұл пәндерге деген ықыласы ерекше болатын! Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын. Сол кезде картаны көрсеткіш таяқшамен емес, Еуропаны жаудан азат ете отырып, барлық қала мен даланы өзі жүріп өтетінін, кейіннен жас мемлекет үкіметінің мүшесі ретінде бүкіл әлемді шарлайтынын білді дейсің бе? Қырық бірінші жылы соғыс оның мұғалім болсам деген арманына тосқауыл қойды.
Соғыс, әскер, әскери іс… Оның бүкіл өмірінің мәніне айналған іс. Майданға жазылу үшін келген мұрты шықпаған бозбалаларға әскери бөлімшедегілер: «Алдымен мұрындарыңды сүртіп алыңдар!» – деп күлкі ететін. Бірақ зерек Сағадатты бірден байқап, саяси ағарту қызметкерлері курсына жіберді. Келесі жылы әскери училищеге бөлді. Оқу тез қарқынмен жүрді: соғыс өз дегенін істетті. Келесі жылы Ақмола облысының Қосым ауылынан шыққан кешегі бала өзінің пулеметшілер взводымен Солтүстік Кавказдағы Курка өзеніндегі неміс қорғанысын талқан етті. Қайтпас жүректілік пен қырағылық, әрбір солдаттың өмірін сақтап қалуға деген қамқорлық, үлкен жауапкершілік пен балалық қызбалық оның бойында араласып, өзгелерді тыңдатуға мәжбүрледі. Донецкіге өткен бойда-ақ ол пулеметшілер ротасын басқарды. Днепрді алды, онан соң Украина, Бессарабия, Белоруссия, Полыпаны азат етті… Берлинге ол комбат болып кірді. Отанымыздың тарихына айналған жан туралы білгісі келетіндерге көптеген әскери естелікнамаларға, оның ішінде «В памяти нет тишины» және «Мой передний край» деп аталатын оның өз кітаптарына бағыт сілтейміз. Бейбіт уақытта да Сағадат Қожахметұлы алдыңғы қатарда болды. Қазақстандағы әскери құрылым оның қатысуынсыз болмады. Соғыс аяқталғаннан кейін Сағадат Нұрмағамбетов 1949 жылы Мәскеудегі Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында қызмет істеді. 1954-1958 жылдары мотоатқыштар полкінің командирі, 1958-1961 жылдары мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, 1969-1989 жылдары Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары болды. 1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, 1992-1995 жылдары
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, 1995-1996 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында Сағадат Нұрмағамбетов аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың қарулы күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді. Генерал Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының Ақкөл ауданының құрметті азаматы. С.Нұрмағамбетов сондай-ақ Ленин, екі Қызыл Жұлдыз, 1, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Октябрь революциясы, екі Еңбек Қызыл Ту, «Отан» ордендерімен, медальдармен, шетелдердің орден-медальдарымен марапатталған. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры және «Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетовтың өткен өмір жолы әр жас сарбаз үшін үлгі-өнеге. Егемен елдің ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағын және ерекше айырым белгісі Алтын жұлдыз бен «Отан” орденін республикамызда бірінші болып алды. Мұндай жоғары атақ Қазақстан Республикасына сіңірген аса көрнекті қызметі үшін оның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы азаматтық және жауынгерлік ерліктері үшін берілді. 1999 жылы Астана қаласында ашылған “Жас ұлан» республикалық әскери мектебіне генерал С. Нұрмағамбетовтың аты берілген. 2013 жылы 24 қыркүйекте 90 жасқа қараған шағында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өмірден озды.
Бүгінде тұғырлы тұлғаның жауынгерлік жолын жас ұрпаққа насихаттау үшін Ақкөл ауданының орталығында осы жердің тумасы, Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы, армия генералы, еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі – Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің құрметіне мемориалды мұражай ашылған. Мұнда сонау сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін мұрағаттар, сирек кездесетін фотосуреттер, Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлігі үшін алған медальдары мен кәдесыйлары қойылған. Жауынгердің өзі қолданған қару-жарақтарын, отбасылық альбомдарын да осы арадан табуға болады. Музей қорын толықтыруға тарихи тұлғаның өзі қолқабыс еткен. Міне, бүгінгі күні Сағадат Нұрмағамбетов өскелең ұрпағымыз бен ұландарымызға, сарбаздарға үлгі болары даусыз.
 
Әдебиет:
 
1. Тарихи тұлғалар. Танымдық – көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009. ISBN 978-601-01-0268-2
2. Қазақстан Республикасында кімнің кім екені. Екі томдық анықтамалық. Алматы, 2011 жыл.

Тілдер

+ A -

Current Zoom: 120%

Электрондық каталог

Жолдау 2024

Antikor оrtalyǵy

Бір ел – бір кітап

Экранды оқу жүйесі

Қазір сайтта

Қазіргі уақытта желіде 1 user қолданушы және 77 guests қонақ.

Жүйеге кіру

Назар аударыңыздар!

Әдеби карта

Біздің оқырмандар

Шектеусіз кітапхана