Кошкарбаев Рахимжан

Қошқарбаев Рақымжан (1924-1988)

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлеріне жіберілді. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілді. Өзінің өмірі туралы Қошқарбаев өзі жазған «Штурм» атты кітабында жан-жақты баяндады.

Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болады. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға ат салысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарын әскери дайындықтан өткізген Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, осы жерде 1943 жылдың жазына дейін болады. Одан соң Рақымжан Қошқарбаевты Фрунзеге эвакуацияланған Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жібереді. Тек 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады.

Қошқарбаев Рақымжан 1944 жылдың қазан айынан 1-Беларусь майданы 150-атқыштар дивизиясының құрамында Польшаны азат ету және фашистік Германия әскерлерін талқандау ұрыстарына қатысты. Берлин операциясы кезінде Қошқарбаев ерекше ерлік көрсетті. 1945 ж. 30 сәуірде жауынгер Г.Булатов екеуі күндізгі сағат оннан кешкі алтыға дейін 360 м қашықтыққа еңбектеп жетіп, ені мен ұзындығы 1 метрдей Қызыл туды Рейхстагтың кіре берісіндегі орталық есігінің маңдайшасына тікті.

Жазушы В. Субботиннің «Правда» газетіне «Олар Жеңіс туын қадады» очеркі жарияланды. Жазушы Б.Горбатов: «Литературная газетаның» 1948 ж. 18 желтоқсанда жарық көрген мақаласында «Қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев менің көз алдымда Рейхстагқа советтік алқызыл туды тікті. Жалын атқан өрт ішінде, ажал аузында жүріп, сұрапыл ерлік көрсетті. Рақымжанның айбатынан ажал да қаймығып, атылған оқ та қайысты. Сол айбат, сол қайрат, өмірге деген құштарлық, ел-жұртына деген сүйіспеншілік жаудың желкесін үзді. Қандыбалақ жау ұясының үстінде Жеңіс туын тіккізді», - деп жазды.

Қазақ жазушылары К.Қазыбаев, М.Әлімбаев батыр жайлы шығармаларын жазды. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба (Лаба) бойындағы кеңестік оккупациялық әскери бөлімнің құрамында болды. 1947-67 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметтерін атқарды.

ҚР Президентінің Жарлығымен Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді (7.5.1999). Қошқарбаевтың есімі Астана, Алматы қалаларындағы көшелерге берілген. 2010 ж. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Мәскеуден Астанаға батырдың Рейхстагқа тіккен туы әкелінді. Ол Астанадағы Президент қорында сақтаулы. Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
 
Әдебиет:

1. Жеңіс - ерліктің жемісі: [Рейхстагқа ту тіккен қазақ, Халық қаһарманы Р. Қошқарбаев] // Айгөлек. - 2016. - № 5. - 6 - 7 б.

2. Рейхстагқа ту тіккен қазақ: Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың мағыналы ғұмыры жөнінде // Қостанай.- 2012. - 8 мамыр (№ 38). - 7 б. Жеңіс - ерліктің жемісі: [Рейхстагқа ту тіккен қазақ, Халық қаһарманы Р.Қошқарбаев] // Айгөлек.- 2016. - № 5. - 6 - 7 б.

3. Хаттар: өлеңдер, хаттар // Омаров, І.. Өмір мен өнер: очерктер, мақалалар, өлеңдер, хаттар, естеліктері.- Алматы, 2012.- 329-352 б.

Тілдер

Zoom

Current Zoom: 120%

Жолдау 2023

Antikor оrtalyǵy

Бір ел – бір кітап

Қазір сайтта

Қазіргі уақытта желіде 1 user қолданушы және 138 guests қонақ.

Жүйеге кіру

Назар аударыңыздар!

Әдеби карта

Біздің оқырмандар

Шектеусіз кітапхана