Олимпийские игры Рио-2016

Рио-2016 қорытындылары: Қазақстан құрамасы жалпы саны 17 медаль алып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді.
 
Міне, күллі әлем көз тіккен Рио-де-Жанейро қаласындағы ХХХІ жазғы олимпиада ойындары мәреге жетіп қалды деуге болады. Бұл олимпиада Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды деуге толық негіз бар.
Қазақстаннан әлемдік бәсекеге 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстандықтар барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алтыны аздау демесек, төрт жылда бір келетін дүниежүзілік додада ел қоржынына түскен бұл жүлделердің бәсі жоғары. Ендеше, қазақстандық саңлақтардың жүлде алған сәттерін және кейбір опық жеген тұстарын тағы бір еске түсірейік.
Рио олимпиадасының алтыншы күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті болып, дзюдошыларымыз қос бірдей медальді жеңіп алды. 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алып, біздің ел намысын қорғауға бекінген моңғол қызыОтгонцэцэг Галбадрах өзінің өжеттігін көрсете білді. Жапон қызы Ами Кондоны жеңіп жатып, есе жіберіп, алтынға барар жолдан тайғанымен, одан кейінгі кездесулерінің бәрін жеңіспен аяқтай білді. Әсіресе, үшінші орын бәсекеде кубалық Даярес Местре Альваресті таза түсіргеннен кейін көз жасын жасыра алмады. Өзінің елі Моңғолияда рейтингісі жоғары болғандықтан, О.Галбадрахтың үнемі жолын бөгеген Уранцэгэг Мунхбат бұл жолы жүлдеден тыс қалды. Ал Отгонцэгэг Қазақстанға осы олимпиададағы бірінші медаль - қола жүлдені сыйлады. Сол күні дзюдодан өткен жылғы әлем чемпионы Елдос Сметов те ерледі. Ол өзбек Диорбек Урозбоев, әзірбайжан Орхан Сафаров сияқты мықты қарсыластарын ұтып, финалға шықты. Соңғы бәсекеде ресейлік Беслан Мудрановқа қосымша уақытта ғана жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Енді Елдос Токио олимпиадасында алтын жүлде алуды мақсат етіп отыр.
Бұдан кейін кезек ауыр атлетика шеберлеріне келді. Допинг дауынан кейін Лондон олимпиадасының төрт бірдей чемпионы (Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло) Риоға бара алмағаннан кейін Қазақстан құрамасы қатты әлсіреп қалғаны белгілі. Алдымен бәсекеге шыққан Маргарита Елисеева (48 кг) бесінші, Арли Чонтей (56 кг) төртінші орынды иеленіп, жүлдеге қол созым жерде қалған еді. Дегенмен Фархад Харкимен Карина Горичева қола жүлдегер атанып, Қазақстанның бұл спорт түрінен әлі де мықтылар қатарында екендігін дәлелдеді. Қазақстанға Қытайдан келіп, Ақтөбе облысы атынан сынға түсіп жүрген дүнген жігіті 62 келіге дейін салмақта бар болғаны екі-ақ мүмкіндігін пайдаланды. Ол жұлқа көтеруден 135 келіні бағындырса, серпе көтеруден 170 келімен тоқтады. Қоссайыс қорытындысы - 305 кг. Бірден айту керек, оның жүлдеге ілігуіне осы жарыстың басты үміткері, екі мәрте әлем чемпионы, қытайлық Чэнь Лицзюньнің жұлқа көтеру кезінде жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалуы себеп болды. Бапкерлердің ақылымен қазақстандық атлет күміс жүлдеге де таласуға ниеттенді, бірақ 177 кг зілтемірді бағындыра алмады. 10 тамызға қараған түні жарыс алаңына 63 келіге дейінгі салмақта талдықорғандық 23 жасар атлет, ересектер арасыындағы әлем біріншіліктерінде әлі жүлде ала қоймаған Карина Горичева шықты. Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, Карина үмітті ақтады. Ол жұлқа көтеруден 111 келіні бағындырып, екінші орында тұрды. Серпе көтеруден 132 келіні алғаннан кейін күміс жүлдеге де үміті болды. Дегенмен 137 кг салмақ ауырлау тиді. Сөйтіп қоссайыс қорытындысында (243 кг) қола жүлдені иемденді. Бұл салмақта үш мәрте әлем чемпионы, қытайлық Дэн Вэй ешкімге дес бермей, қоссайыс қорытындысында дүниежүзілік рекордты (262 кг, 115+147) жаңартты. Солтүстіккореялық Чхве Хе Сим 258 кг (105+143) нәтижемен күміс медальға қол созды. Бұл үшеуінің жасы 23-те болғандықтан, бәсекелестік алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін. Олардан бір жас үлкен, 2013 жылғы әлем чемпионы, осы олимпиададан шеттетілген ресейлік Тима Туриеваны да естен шығаруға болмайды. Дегенмен Қазақстанға төртінші медаль сыйлаған Карина бұдан кейін 69 келі салмаққа ауысатынын айтты.
Рио олимпиадасында 11 тамызға қараған түні қазақстандық спортшылар айды аспанға шығарып, қос алтын, бір күміс медальді жеңіп алды.
Ауыр атлетикадан 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасында тұңғыш рет олимпиада ойындарының жүлдегері атанды, оның еншісінде - күміс медаль. Негізгі қарсыластарынан салмағы сәл ауырлау болғандықтан, Жазираға олардан озу үшін кемінде бір келі артық көтеру керек-ті. Жұлқа көтеруде әуелі 111, сосын 115 келіні еңсерген қазақтың қарагөз қызы 117 келіні бағындыра алмады. Егер осы салмақты алғанда, басты қарсыласы, қытайлық Сян Яньмэйді абдыратып тастары сөзсіз еді. Серпе көтеруде де 140 келіні бірден ала алмады. Содан кейін қайтадан шығып, 140, сосын 144 келіні тік көтерді. Бірақ қытайлық спортшы 145-пен тоқтап, қоссайыс қорытындысында Жазирадан екі-ақ келі алға кетті. Биылғы жыл соңында небәрі 23-ке толатын Жазира келесі Токио олимпиадасында осы салмақта алтын жүлдеге қол созатынын жасырған жоқ. Бұйырса, оны да көрерміз.
Ауыр атлетикадан ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимовнағыз ерге тән қасиетті көрсете білді. Ол жұлқа көтеруден кейін 165 кг көрсеткішпен қытайлық, 2012 жылғы олимпиада чемпионы Люй Сяозюньнен бақандай 12 келіге қалып қойды. Бар мәселе жұлқа көтеруде шешілді. Қытайлық атлет соңғы әрекетінде 202 келіні көтеріп, іс біттіге санап, тойлай бастады. Одан озу үшін Нижатқа 214 келіні көтеру керек еді, сонда қоссайыс қорытындысы бойынша қытайлықпен бірдей нәтиже (379 кг) көрсетіп, салмағы жеңіл болғандықтан, чемпион атанатын еді. Соңынан бас бапкер Алексей Нидің мәлім еткеніндей, мұндай салмақты Н.Рахимов тіпті жаттығу кезінде де еңсеріп көрмеген екен. Әрі әлемдік рекордтан 4 келіге артық. Бірақ Нижат 214 келіні көтеріп, әлемдік рекордты жаңартып қана қоймай, 22 жасында олимпиада чемпионы атанды (тек енді допинг дауынан аман болсын деңіз). А.Нидің айтуынша, мұндай көзсіз ерлікке бұдан бұрын атақты қазақстандық атлеттер Анатолий Храпатый мен Илья Ильин ғана барған екен. Өзінің елінде (Әзірбайжан) қағажу көріп, Қазақстанға келген Нижат И.Ильиннің орнын жоқтатпады. Атырау облысына алтын жүлде сыйлаған Н.Рахимовтың бұдан кейін де алар асуы аз болмасы анық.
Алматылық 21 жасар спортшы Дмитрий Баландинді 200 метрге брасс әдісімен жүзуде чемпион болады деп ешкім күткен жоқ. Кіл мықтылар жиналған бәсекеде 2:07.46 минут нәтижемен мәре сызығын бірінші болып қиған Дмитрий американдық Джош Прено, германиялық Марк Кох сияқты сайыпқырандарды сан соқтырып кетті. Сөйтіп жүзу спортынан Қазақстан тарихында алғаш рет олимпиада чемпионы атанды.
Олимпиада ойындарының тоғызыншы күні қазақстандықтар үш қарғып секіруден Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпаковадан жүлде күтті. Шығысқазақстандық саңлақ бұл үмітті ақтады.
Бірінші әрекетінде-ақ 14,73 метрге секірген Ольга жоғары орын үшін күреске дайын екендігін байқатты. Дегенмен бәсеке барысында колумбиялық Катрин Ибаргуэн 15,17, венесуэлалық Юлимар Рохас 14,98 метрге секіріп, әлдеқайда ұзап кетті. Қазақстандық спортшы өз көрсеткішін бір ғана сантиметрге жаңартып, қола жүлдегер атанды. Төртінші орынға табан тіреген америкалық спортшы Кетура Орджидің Ольгадан үш сантиметрге ғана (14,71) қалып қойғанын ескерсек, қола медальдың да оңайлықпен келмегенін аңғарамыз.
Лондон олимпиадасында 14,98 метр нәтижемен чемпион атанған, биыл 32-ге толатын Ольга осымен екінші жүлдесін жеңіп алып отыр. Бұл, әрине, спорттағы үлкен табыс, биік абырой.
Өкінішке қарай, жүлдеге қол созым жерде қапы қалған отандастарымыз да аз болған жоқ. Шығыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі, ауыр атлет Денис Уланов 85 кг салмақта жүлде алады деп күткен едік. Ол жұлқа көтеруден 175 келімен төртінші орында қалса, серпе көтеруден соның есесін толтыра алмады. Тіпті ешқандай нәтижесіз қалудың алдында сәл-ақ тұрды. Аңысын аңдымай, бірден ауырлау салмаққа тапсырыс берген бапкерлердің қателігі ме, әйтеуір Денис 215 келіні үшінші әрекетінде әзер көтеріп, сонымен тоқтауға мәжбүр болды. Ирандық Киануш Ростами 396 келімен (179+217) чемпион атанса, жарыс кезінде бар болғаны екі-ақ мүмкіндігін пайдаланып, жанкештілік танытқан Тянь Тао күміс медальды иеленді. Ал барлық мүмкіндіктерін қалт жібермеген румыниялық Габриэль Синкраян Денис жарыс жолынан шыққаннан кейін 217 келіні тік көтеріп, қоссайыс қорытындысында Д.Улановпен бірдей нәтиже (390 кг) көрсетіп, қола медальді жұлып әкетті. Тіпті оны жүлде алады деп көп ешкім елей де қоймаған сияқты. Осылайша сан соғып, бармағын тістеген 22 жасар Дениске енді Токио олимпиадасын күтуге тура келеді.
Грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев пен Досжан Қартықов та жүлдеден тыс қалды. Әсіресе, Алматтың қола медаль алатындай мүмкіндігі болды. Ол алғашқы белдесуінде ресейлік мықты палуан Ибрагим Лабазановты 4:0 есебімен ұтқанмен, екінші айналымда 22 жасар жапон жігіті Шинобу Отамен бәсекеде қателік жіберіп, ұтылып қалды. Ш.Ота финалға шыққаннан кейін А.Кебіспаев жұбаныш белдесуде Лондон олимпиадасының жеңімпазы, алты мәрте әлем чемпионы, ирандық Хамид Сорианнан 0:7 есебімен ұтылып жатып, таза жеңіп кетті. Осы кездесу бар күшін сарықты ма, тағы бір жұбаныш белдесуде норвегиялық Стиг Андре Бергеге 0:2 есебімен есе жіберді. Кейін дәл осы норвегиялық палуан қола жүлдегер атанды. Тағы бір қола медальді Өзбекстан намысын қорғаған қазақ жігіті Елмұрат Тасмұратов жеңіп алды. Ташкент облысында дүниеге келген Елмұрат балаң кезінде Түркістандағы Бекзат Саттарханов атындағы спортинтернатта төрт жыл оқып, Қазақстан құрамасына іліккісі келген екен. Бірақ ондай мүмкіндік берілмегеннен кейін Өзбекстанға қайтадан кетіп қалған.
15 тамыз, дүйсенбі қазақстандық боксшылар үшін сәтсіздіктерге толы, ауыр күн болды.
Алдымен 52 кг салмақта рингке шыққан Олжас Сәттібаев әзірбайжан жігіті Эльвин Мамишзадеден үш раунд бойы басым түссе де, төрешілер жеңісті қарсыласына берді. Ал 75 кг салмақта қазақстандықтар алтын алады деп үміттенген Жәнібек Әлімханұлы 1:2 есебімен тағы бір әзірбайжан Камран Шахсуварлыдан ұтылды. Бұл жерде, біздіңше, алғашқы екі раундта Жәнібек белсенділік көрсетіп, қазыларға еш күмән қалдырмауы керек еді. Үшінші раундта алға ұмтылғанымен, кеш қалды. Бір қызығы, 25 жасар Камран Ақтөбеде туып-өскен, Жәнібекпен жас шағында талай кездескен. Қазақстан спорт шебері атағына қол жеткізгенмен, ұлттық құрамаға ілінбегеннен кейін 2013 жылдан өзінің тарихи отанының атынан шыға бастаған. Әйтеуір, қандай себеппен болсын, Ж.Әлімханұлы қол созым жерде тұрған жүлдеден қағылды.
Төрешілер тарапынан әділетсіздіктің көкесі қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконың кездесуінен кейін болды. Екі кезең қорытындысы бойынша олардың бәсекесі тең дәрежеде деп бағаланса, үшінші раундта Василийдің қарсыласын қуып жүріп сабағанына қарамастан, жеңіс Е.Тищенкоға берілді. Бұған риза болмаған залдағы көрермендер гуілдеп, «Қазақстан!» деп айқайлап жатты. Ысқырық, шу спортшыларды марапаттаған кезде де басылған жоқ. Қайта В.Левиттің өзі қолын көтеріп, оларды тыныштандыруға тырысты. Дәл осындай жағдай 2004 жылғы Афины олимпиадасы кезінде орын алған еді. Онда ресейлік атақты гимнаст Алексей Немовқа төмен баға берілген кезде көрермендер жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермей, шулап тұрып алған еді. Осы жолы да төрешілер шешімі дауға айналып, мамандар арасында қызу талас туғызды. Мұны АИБА-ның (халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) өзі де мойындап, В.Левит пен Е.Тищенконың бәсекесіне қазылық еткен төрешілерді рингтен аластатты. Яғни бұл - В.Левит жеңді деген сөз. Әйтеуір қазақстандық боксшының бұл күмісі алтыннан артық.
Ауыр атлетикадан Қазақстанның соңғы үміті Александр Зайчиковтың 105 кг салмақта қоссайыс қорытындысында екінші орынға көтерілетін мүмкіндігі болды. Бұдан тағы да төрешілер айырды. Жұлқа көтеруден кейін 193 кг салмақты еңсерген Александр үшінші орында тұрса, серпе көтеруді 223 келіден сәтті бастады. Әйтсе де екінші әрекетінде 227 келіні көтере алмады. Үшіншісінде әуелі төрешілер есептегенмен, артынан қазылар алқасы (жюри) бұл шешімнің күшін жойды. Сөйтіп қазақстандық атлеттің жолына нүкте қойды. Бұл салмақта Илья Ильин болмағандықтан, өзбек спортшысы, 24 жасар Руслан Нурудинов өзін суда жүзген балықтай сезініп, 431 кг (194+237) көрсеткішпен чемпион атанды. Ал 19 жасар армениялық Симон Мартиросян қоссайыс қорытындысында 417 келіні (190+227) бағындырып, күміс жүлдені іліп әкетті. А.Зайчиков одан небәрі 1 келіге қалып қойды. Қызылорда облысында туып-өскен, қазақшаға судай, 17 тамыз күні 24 жасқа толған Александр Зайчиков енді Токио олимпиадасына әзірленетінін мәлімдеді.
Олимпиаданың он екінші күні барша қазақ еліне, Ақ Жайық жұртшылығына айрықша қуаныш сыйлады.
18 тамыз, бейсенбіге қараған түні бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов финалдық жекпе-жегін сәтті өткізді. Жартылай финалда алған жарақатына қарамастан, Данияр бар шеберлігін салды. Егер ауыр соққы алса, қабағы кез келген сәтте қайта жарылып кетуі мүмкін еді. Соны ойлаған Данияр қорғанысты ұмытқан жоқ. Үш раунд бойы әдемі де тез қимылдарымен өзбек боксшысы Шахрам Гиясовтың алдын орап, оңтайлы сәтте өзі соққы жұмсап, теңдессіз шебер екендігін айдай әлемге көрсете білді. Мұның алдында біраз мықтыны жолдан тайдырған Шахрам осал емес-ті. Бірақ Даниярға түк істей алмай, амалы құрыды.
Даниярдың осылайша олимп шыңына жетуі -жылдар бойы төккен тер мен тынбай жаттығудың арқасы. Бұл жерде әкесі, жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Елеусіновтің өлшеусіз үлесін айту керек. Боксқа баулып, өзі баптаған қос ұлы Дәурен мен Даниярды жетелеу оңайға түскен жоқ. Кезінде Оралда тиісті жағдай жасалмағаннан кейін амалсыз Астанаға көшті. Студенттер арасында әлем чемпионы атанған Дәурен де олимпиадада ел намысын қорғап, жүлде алуға лайықты еді. Амал не, Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевпен бір салмақта болғандықтан, 2008 жылы Бейжіңге бара алмады. Халықаралық додаларда талай рет топқа түсіп, жүлде алғанымен, құрама ауылы алыстап кеткендіктен, ақыры кәсіпқой боксқа ауысты. Сондықтан ендігі үміт Даниярда еді. Лондон олимпиадасында 21 жасар Данияр ширек финалда қарсыласына есе жіберіп, жүлдеге қол созым жерде тоқтады. Енді, міне, тәжірибесі толысқан, нағыз дер шағында Қазталов ауданы Қайыңды ауылында кіндік қаны тамған Д.Елеусінов олимпиада чемпионы атанып, 25 жасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына теңдессіз тарту жасады.
Бұл жерде астын сызып айтатын жайт, 69 кг салмақта Бақтияр Артаев 2004 жылы Афиныда, Бақыт Сәрсекбаев 2008 жылы Бейжіңде, 2010 жылы Серік Сәпиев Лондонда топ жарса, биыл Данияр Елеусінов чемпион атанды. Бұған дейін олимпиада тарихында Куба елінің боксшылары ғана 91 кг салмақта төрт рет қатарынан (оның үшеуі Феликс Савонның, біреуі Одланьер Солистің еншісінде) озық шыққан еді. Дегенмен қазақстандықтардың ерекшелігі, төрт бірдей боксшының олимп шыңын бағындыруында. Бұған 2000 жылы Сиднейде 71 кг салмақта топ жарған Ермахан Ибрайымовты қосуға болады. Өйткені кейін 71 кг салмақ жойылып, оның орнына 69 кг салмақ белгіленді. Сондықтан қазақстандықтар бес бірдей олимпиадада «өз салмағында» топ жарды деуге болады, ал бұл да - рекордтық көрсеткіш.
Сауатты бокстасудың үлгісін көрсетіп, жартылай финалда британиялық Джошуа Буатсидің адымын аштырмаған маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов 81 кг салмақта үш мәрте әлем чемпионы, кубалық Хулио Сесар Ла Круспен шаршы алаңға шықты. Бұл бәсекеде төрешілер шешімімен «қаша жүріп, соғысқан» кубалық боксшы жеңімпаз деп танылды. Сөйтіп Ә.Ниязымбетов екі мәрте қатарынан олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Мұндай табысқа осыған дейін Болат Жұмаділов қана қол жеткізген болатын.
Әйелдер күресінен 69 кг салмақтаЭльмира Сыздықованың қола жүлдені иеленуі ерекше оқиға болды. Ол қазақ қыздары арасында күрестен тұңғыш рет олимпиада жүлдегері атанды. Алғашқы бәсекесінде олимпиада чемпионы, ресейлік Наталья Воробьеваға тап келген Эльмира барынша тайталасып күресіп, 1:4 есебімен ғана есе жіберді. Н.Воробьева финалға шыққаннан кейін Э.Сыздықова жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Очирбатын Насанбурмааны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ал қола жүлде үшін бәсекеде мысырлық Энас Мостафаны айқын басымдылықпен (7:4) ұтты.
Эльмираның жеңісті жолын келесі күні Қазақстан құрамасындағы ең тәжірибелі палуан Гюзель Манюрова мен Орал қаласында туып-өскен Екатерина Ларионова жалғастырды. 38 жасар Гюзель кезінде Ресей құрамасы сапында Афины олимпиадасында күміс медальді жеңіп алса, кейін Қазақстанға келіп, Лондонда қола жүлдені қанжығаға байлаған еді. Өзінің төртінші олимпиадасында 75 кг салмақта алдымен Венгрия елінің өкілі Жанетт Неметті 12:2 есебімен ойсырата ұтса, одан кейін камерундық Аннабель Алиді 8:6 есебімен жолдан тайдырды. Ал жартылай финалда бұрынғы отандасы, ресейлік Екатерина Букинадан жеңіліп жатып, жауырынын жер иіскетіп кетті. Финалда канадалық Эрика Уибеге есе жібергенімен, осының өзі - үлкен жетістік. Ал олимпиада додасына тұңғыш рет қатысқан 22 жасар Екатерина тіпті ерледі. Алғашқы белдесуінде белорус палуаны, кейін финалға өтіп, күміс жүлдегер атанған Мария Мамащуктан 2:8 есебімен ұтылғанымен, қола жүлде үшін бәсекелерде әдемі әдістер қолданып, швециялық, Еуропа біріншілігінің жүлдегері Хенна Йохансонды да, әлем чемпионы, америкалық Елена Пирожкованы да таза жеңіп кетті. Екатерина Ларионова Батыс Қазақстан облысының қоржынына бірінші медальді салды. Бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасында талай рет топ жарып, 2013 жылы Будапешт қаласында әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Екатеринаның алар асулары алда.
Риоға әйелдер күресінен төрт палуан барса, соның үшеуі жүлдеге ие болды. Мұнда бас бапкер Қайрат Сағадиев бастаған жаттықтырушылардың үлесі мол. Керісінше ерлер арасында грек-рим және еркін күрестен ешкім жүлдеге қол соза алған жоқ. Еркін күрестен Нұрислам Санаев 57 кг салмақта жұбаныш белдесуінде әзірбайжандық Гаджи Алиевтен жеңіліп қалды. Бұл жерде ұпайды толық есептету үшін дер кезінде наразылық түсірмеген бапкерлердің де қателігі болды. Сөйтіп Н.Санаев қола жүлдеден қағылды. Ғалымжан Өсербаев 74 кг салмақта қола жүлде үшін бәсекеде Еуропа чемпионы, түрік Сонер Демирташтан 0:6 есебімен жеңілді. Жалпы, белдесулер барысында қазақ палуандары жалындап тұрудың орнына жігерсіздік көрсетті деуге болады. Бұл - ежелден Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды палуандарымен аты шыққан қазақ халқы үшін өкінішті жағдай.
Қыздар боксынан 75 келіге дейінгі салмақта Дариға Шәкімова алдымен екі мәрте әлем чемпионы, канадалық Ариан Фортинді 2:1 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін марокколық Хадиджа Мардиді 3:0 есебімен жеңді. Тек соңғы, тартысты бәсекеде 2012 жылғы Лондон олимпиадасының әрі әлем чемпионы, атышулы америкалық Кларесса Шилдске есе жіберді. Дариға қазақ қыздары арасында алғаш рет олимп биігіне көтерілді.
Бокстан аса ауыр салмақта ел намысынИван Дычко қорғап, алғашқы кездесуінде ол әлем чемпионы, өзін 2015 жылғы финалда нокаутқа жіберген әзірбайжандық спортшы Магомедрасул Меджидовпен шеберлік байқасты. Бірінші раундта жақын қашықтыққа жібермей, алыстан өзі соққылар жұмсаған Иван алда болды. Екінші кезеңде М.Меджидов жарақат алып, жеңіс И.Дычкоға берілді. Содан кейін нигериялық Эфе Аджагбуды тізе бүктіріп, жартылай финалға өтті. 20 тамыз күні ұлыбританиялық, жұдырығы жойқын Джо Джойспен қолғап түйістірген Иван Дычко алғашқы раундта алға кеткенімен, кейінгі екеуінде есе жіберіп алды. Сөйтіп екі мәрте қатарынан олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Қыздар бәсекесін қоса есептегенде, қазақстандық боксшылар бір алтын, қос күміс, екі қола, барлығы бес жүлде иеленіп, көздеген межеден шықты деуге болады.
Жалпы, бұл олимпиада қай спорт түрлерінен олқылықтарымыздың орын алғандығын, төрт жылда бір рет келетін байрақты бәсекеде жүлде алу үшін қайсысына баса мән беру қажеттігін тағы бір көрсетті. Сондықтан келесі олимпиадаға тыңғылықты дайындықты көп ұзатпай бастамасқа болмайды.
Айта кетейік, Қазақстаннан 1996 жылы Атланта қаласында өткен олимпиадаға 94 спортшы қатысып, құрама 3 алтын, 4 күміс, 4 қола, барлығы 11 медальді, командалық есепте 24-інші орынды иеленді. 2000 жылғы Сидней олимпиадасында 130 спортшы бақ сынап, Қазақстан 22-інші орынға көтерілді. 2004 жылғы Афины олимпиадасына 114 спортшы барып, Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-ыншы орынға төмендеп кетті. 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында 129 спортшы додаға түсіп, Қазақстан 29-ыншы орыннан көрінді. Еліміз үшін 2012 жылғы Лондон олимпиадасы аса сәтті болды. 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алған қазақстандықтар 204 елдің арасынан 12-інші орынды еншіледі. Ал биыл Қазақстан медальдар санын 17-ге жеткізді. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойланатын мерекелі жылда ел еңсесі тағы бір көтерілді.
 
Енді Токио төрінде кездескенше, ағайын!
Ақпарат: ҚазАқпарат
 
 
Ел мерейі өскен күн: РИО 2016 // Егемен Қазақстан. - 2016. - 12 тамыз (№ 154). - 1 б.
 
Жеңісұлы, Е. Рио олимпиадасына кімдер барады? / Е. Жеңісұлы // Ақ желкен. - 2016. - № 1. - 21-23 б.
1.Спорттық ойындар. Ойындар
-- Жаттығулар - Олимпиада күнделігінен - Олимпиадаға дайындық
Жеңісұлы, Е. Үміт - бұрынғы мықтыларда: [олимпиада] / Жеңісұлы, Е. // Ақ желкен. - 2016. - № 4. - 50-52 б.
1.Спорттық ойындар. Ойындар
-- Спорттың түрлері - Спортшылар - Олимпиадаға дайындық (Рио)
 
Кәдірұлы, А. Данияр - Олимпиада чемпионы: [Қостанай таңының спорт беті] / Кәдірұлы, А. // Қостанай таңы.- 2016. - 19 тамыз (№ 91). - 23 б.
1.Спорттық ойындар. Ойындар
I.Елеусінов Д. (чемпион боксшы) -- Олимпиада чемпионы - Бокс чемпионы - РИО - 2016 (жазғы олимпиада)
 
Құмар, Н. Олимпиада қыр астында..: RIO 2016 / Н. Құмар // Ана тілі.- 2016. - 18-24 ақпан (№ 7). - 11 б.
1.Спорттық ойындар. Ойындар
-- Олимпиадаға дайындық - ХХХІ жазғы олимпиада Рио-де-Жанейро өтеді (2016) - Жазғы олимпиадаға дайынджық (2016)
 
Құмар, Н. Олимпиадаға кімдер қатысады?: РИО 2016 жазғы олимпиада ойындары басталады / Н. Құмар // Ана тілі.- 2016. - 7-13 сәуір (№ 14). - 1, 11 б.
1.Спорттық ойындар. Ойындар
I.Дычко И. (боксшы, Олимпиада чемпионы) -- Олимпиадаға қатысушылар - Жазғы олимпиадаға дайынджық (2016) - Бокс - Ауыр атлетика
 
Пірназар, С. Лаула, Олимпиада алауы!: РИО 2016 жазғы олимпиада ойындары басталады / С. Пірназар // Егемен Қазақстан. - 2016. - 5 тамыз (№ 149). - 1, 8 б.
1.Ойындар. Спорт ойындары
-- Олимпиада алауы (2016) - Олимпиадалық ойындар басталды (РИО) - РИО - 2016 (жазғы олимпиада)
 
Тайжан, Б. Бір күнде - 2 алтын, 1 күміс медаль: Қазақстан қоржынына осыншама жүлде түсті: РИО 2016 / Б. Тайжан // Егемен Қазақстан.- 2016. - 12 тамыз (№ 154). - 6 б.
Тайжан, Б. Жасампаз елдің жарқын жеңісі: Астанада олимпиадашылардың құрметіне арналған салтанатты шара өтті / Б. Тайжан, Д. Кенжалин // Егемен Қазақстан. - 2016. - 27 тамыз (№ 165). - 1-7 б.
Тайжан, Б. Медальдар саны молайды: РИО 2016 / Б. Тайжан // Егемен Қазақстан. - 2016. - 20 тамыз (№ 160). - 1, 6 б.
1.Олимпиадалық ойындар
I.Бразилия Рио-де-Жанейро (жазға олимпиада) II.Ниязымбетов Ә. (олимпиада чемпионы, күміс жүлдегері, боксшы) III.Зайчиков (зілтемірші, олимпиада чемпионы, қола жүлдегері) IV.Елеусінов Д. (чемпион боқсшы) V.Ларионова Е. (әйелдер күресі) -- Олимпиада чемпиондары - Бокс чемпионы - Күрес (әйелдер) - Жазғы олимпиада - Олимпиада медальдары
 
Тайжан, Б. Олжалы оныншы күн: РИО 2016 / Б. Тайжан // Егемен Қазақстан.- 2016. - 17 тамыз (№ 157). - 1, 6. б.
1.Ойындар. Спорт ойындары
-- РИО - 2016 (жазғы олимпиада) - Боксшылар - Олимпиада чемпионы - Олимпиада күнделігінен

Ел мерейі өскен күн: РИО 2016 // Егемен Қазақстан. - 2016. - 12 тамыз (№ 154). - 1 б.

Жеңісұлы, Е. Рио олимпиадасына кімдер барады? / Е. Жеңісұлы // Ақ желкен. - 2016. - № 1. - 21-23 б.

1.Спорттық ойындар. Ойындар

-- Жаттығулар - Олимпиада күнделігінен - Олимпиадаға дайындық

 

Жеңісұлы, Е. Үміт - бұрынғы мықтыларда: [олимпиада] / Жеңісұлы, Е. // Ақ желкен. - 2016. - № 4. - 50-52 б.

1.Спорттық ойындар. Ойындар

-- Спорттың түрлері - Спортшылар - Олимпиадаға дайындық (Рио)

Кәдірұлы, А. Данияр - Олимпиада чемпионы: [Қостанай таңының спорт беті] / Кәдірұлы, А. // Қостанай таңы.- 2016. - 19 тамыз (№ 91). - 23 б.

1.Спорттық ойындар. Ойындар

I.Елеусінов Д. (чемпион боксшы) -- Олимпиада чемпионы - Бокс чемпионы - РИО - 2016 (жазғы олимпиада)

Құмар, Н. Олимпиада қыр астында..: RIO 2016 / Н. Құмар // Ана тілі.- 2016. - 18-24 ақпан (№ 7). - 11 б.

1.Спорттық ойындар. Ойындар

-- Олимпиадаға дайындық - ХХХІ жазғы олимпиада Рио-де-Жанейро өтеді (2016) - Жазғы олимпиадаға дайынджық (2016)

Құмар, Н. Олимпиадаға кімдер қатысады?: РИО 2016 жазғы олимпиада ойындары басталады / Н. Құмар // Ана тілі.- 2016. - 7-13 сәуір (№ 14). - 1, 11 б.

1.Спорттық ойындар. Ойындар

I.Дычко И. (боксшы, Олимпиада чемпионы) -- Олимпиадаға қатысушылар - Жазғы олимпиадаға дайынджық (2016) - Бокс - Ауыр атлетика

Пірназар, С. Лаула, Олимпиада алауы!: РИО 2016 жазғы олимпиада ойындары басталады / С. Пірназар // Егемен Қазақстан. - 2016. - 5 тамыз (№ 149). - 1, 8 б.

1.Ойындар. Спорт ойындары

-- Олимпиада алауы (2016) - Олимпиадалық ойындар басталды (РИО) - РИО - 2016 (жазғы олимпиада)

Тайжан, Б. Бір күнде - 2 алтын, 1 күміс медаль: Қазақстан қоржынына осыншама жүлде түсті: РИО 2016 / Б. Тайжан // Егемен Қазақстан.- 2016. - 12 тамыз (№ 154). - 6 б.

 

Тайжан, Б. Жасампаз елдің жарқын жеңісі: Астанада олимпиадашылардың құрметіне арналған салтанатты шара өтті / Б. Тайжан, Д. Кенжалин // Егемен Қазақстан. - 2016. - 27 тамыз (№ 165). - 1-7 б.

Тайжан, Б. Медальдар саны молайды: РИО 2016 / Б. Тайжан // Егемен Қазақстан. - 2016. - 20 тамыз (№ 160). - 1, 6 б.

1.Олимпиадалық ойындар

I.Бразилия Рио-де-Жанейро (жазға олимпиада) II.Ниязымбетов Ә. (олимпиада чемпионы, күміс жүлдегері, боксшы) III.Зайчиков (зілтемірші, олимпиада чемпионы, қола жүлдегері) IV.Елеусінов Д. (чемпион боқсшы) V.Ларионова Е. (әйелдер күресі) -- Олимпиада чемпиондары - Бокс чемпионы - Күрес (әйелдер) - Жазғы олимпиада - Олимпиада медальдары

Тайжан, Б. Олжалы оныншы күн: РИО 2016 / Б. Тайжан // Егемен Қазақстан.- 2016. - 17 тамыз (№ 157). - 1, 6. б.

1.Ойындар. Спорт ойындары

-- РИО - 2016 (жазғы олимпиада) - Боксшылар - Олимпиада чемпионы - Олимпиада күнделігінен


Тілдер

Zoom

Current Zoom: 120%

Жолдау 2023

Antikor оrtalyǵy

Бір ел – бір кітап

Қазір сайтта

Қазіргі уақытта желіде 1 user қолданушы және 87 guests қонақ.

Жүйеге кіру

Назар аударыңыздар!

Әдеби карта

Біздің оқырмандар

Шектеусіз кітапхана