«Сыйлықтар, сыйлықтар, мен сыйлықтарды жақсы көремін!» - деп айқайлады Андерсен ертегісіндегі ерке ханшайым. 14 ақпанда біздің кітапханада Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Кітап сыйлау арқылы әлемді сыйла» акциясы өтті. Бұл күні осы мерекеге тән дәстүрлер де бар екен. Мысалы, оқылған кітапты қоғамдық жерде (емхана, көлік, кафе) қалдырып кетуге болады. Сондай-ақ, көшеде кездескен жүргіншіге кітапты сыйлауға немесе кітапханаға сыйға тартуға болады. Сіз кітаптың ішіне ләззат алып оқыңыз деген тілек-жазбаны енгізсеңіз немесе бұл кітап сізге не үшін ұнағанын жазып кетсеңіз керемет болары сөзсіз. Өйткені, мерекенің басты идеясы – адамдарды бір-біріне жақсы кітаптар беруге шабыттандыру және қағаз кітап өзекті сыйлық болып қала беретінін және өзінің құндылығын жоғалтпайтынын көрсету.
Біз акцияға қатысқандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамыз! Бұл күні біздің оқырмандар кітапханаға 30-дан астам кітап сыйлады. Барлығына үлкен рахмет!