Жапондық шеберлер бүкіл әлемнің қолөнер шеберлеріне канзаши, оригами сияқты қызықты техникаларды сыйлаған. Бірақ жапон өнерінен туындаған бұдан басқа да түрлері бар екен.
Біртума өнер «кинусайгамен» Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектептің оқушыларын Көркемсурет мектебінің оқытушысы Александр Юрьевич Рерих таныстырды. Ол өзі шеберлік сыныбын өткізді. Бұл техника құрақ кестені еске түсіреді, бірақ ине мен жіп қажет етілмейді. Сондықтан да бұл техниканы қолөнер шеберлері «инесіз құрақ» деп те атайды.
Ежелгі шеберлер сұлбасын қағазға салып, оны тақтайшаға көшірген. Содан кейін болашақ суреттің жан-жағын ойып, оны жібек жіптермен толтырған. Осылайша, әртүрлі кішкентай бөлшектерден ауқымды зат шыққан, сөйтіп ол ерекше әдемі суретке айналған.
Уақыт өзгереді, материал өзгереді, бірақ түп-төркіні сол – адамдарға әдемілік жасау және сыйлау болып қала береді. 8 наурыз мерекесі жақындап келеді, балалар өздерінің сыйлықтарын (анасының фотосына жақтау) бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, осы техникада жасаймыз деп шешті.