Балалар кітабы апталығы: екінші күн
Бүгін балалар теңіз қарақшыларымен бірге Оқу аралына тап болды. Бұл арал картада көрсетілмеген, себебі мұнда көп кітап оқыған балалар ғана тап болады.
Картаға сәйкес, аралда қазына жасырылған, бірақ, оған жету үшін саяхатшыларға Поэзия айлағына еніп, Ғажайып өзенді бағындырып, тауға өрмелеп, Ертегілер үңгіріне тап болу керек болды. Сондай-ақ, саяхаттың әр кезеңінде балалар кітабы мен ертегілерінің кейіпкерлерімен кездесу күтіп тұрды.
Поэзия айлағында жұмбақтар шешті, ұйқастар құрастырып, өлеңдер оқыды. Ғажайып өзенді өтерде балалар Гулливер, Барон Мюнхгаузен, Питер Пэн сияқты кітап кейіпкерлерін еске түсірді. Тауға шығарда ертегі кейіпкерлерінің хаттарын оқыды, «Ертегілерде қонақта» викторина сұрақтарына жауап берді. Барлық кедергілерді бағындырған балалар, Ертегілер үңгірінен теңіз қарақшыларымен бірге қазынаны тауып алды.
«Қазына — бұл тек қана алтын мен гауһар тастар емес… Ең басты қазына — бұл кітаптар! Себебі, кітаптан көптеген қызықты оқиғаларды білуге болады», - міне, нағыз шындық. Әрбір қатысушы тәтті сыйлықтарға ие болды, сонымен қатар, біздің кітапханамыздан алып оқуға болатын теңіз қарақшылары туралы кітаптар тізімі де берілді.