Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы
«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9- бабына сәйкес дайындалып жатқан немесе жасалған терроризм актілері туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға беру азаматтық борышты орындау болып бағаланады. Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамдарға ҚР ҰҚК сыйақы төлейді. Бұл ретте ҚР Үкіметінің ағымдағы жылғы 9 қарашадағы № 685 қаулысымен терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидалары бекітілген. Сыйақы айыпты адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 255-бабымен терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, 750 ден бастап 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2016 жылға арналған бір АЕК 2121 теңге) бір рет төленеді. ҚР ҰҚК аумақтық органы терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы алу құқығы туындағаны туралы 3 күн ішінде хабарлайды. Сыйақы төлеу тиісті ақшалай қаражатты хабарлаған адамның банк шотына аудару жолымен тиісті қаулы шыққаннан кейін 60 күн ішінде жүргізіледі. Бұл ретте аталған ақпаратты берген адам 3 күн ішінде оның шотына ақшалай қаражат аударылғаны туралы хабардар етілуге тиіс. Берілген терроризм қаупі белгілері бар ақпарат расталмаған жағдайда, дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабардан (ҚР ҚК 273-бабы) басқа, хабарлаған адамның жауапкершілікке тартылмайтындығын атап өткен жөн. Сыйақы белгілеудің және төлеудің неғұрлым толық тетігі ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 9 қарашадағы №685 қаулысымен бекітілген қағидаларында жазылған.