Мәдениет

Ілияс Омаровтың өмірбаяны

 

Ілияс Омаров

 

Мемлекет және қоғам қайраткері, танымал тарихшы, көрнекті көсемсөзші, тамаша әдебиетші.

Ілияс Омаров қазан айының бірінде Қостанай облысына қарасты Сарыкөл ауданында Қараоба ауылында дүниеге келді. Тегінде қасиетсіз жер болмайды. Бірақ, белгілі бір мекеннің атын сол жерде туып-өскен перзенттері шығарады. 19 шілде 1970 Алматы қаласында қайтыс болған. Ілияс Омаров (1912-1970) – мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист.

Өмірбаяны Орта Азия жоспарлау экономикалық және сауда-тауар ісі институтын бітірген (1933, Ташкент). 1933–1936 жылдары Республиканың сауда мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1941 – 1945 жылы Қазақ КСР Сауда халық комиссарының орынбасары, комиссары болды. “Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатын” ұйымдастыруда, 1944 жылы желтоқсанда Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысын өткізуде, “Қазақ КСР-інің ерте заманнан осы күнге дейінгі тарихының” жарық көруіне ұйытқы болды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны ұйымдастырды. 1945 – 1947 жылы Қазақ КСР-і ХКК төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарды. 1947–1952 жылы Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы. Ол 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігін ұйымдастырды. Омаров халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға зор үлес қосты, Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерін өнеге ретінде ұсынды. 1949 жылы жарық көрген “Қазақ КСР тарихының” толықтырылған 2-басылымының жауапты редакторы болды. Е.Бекмахановтың қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батырлар жайында ақиқаттың айтылуына, І.Жұмалиевтің Исатай мен Махамбет жөніндегі материалдарды бастыруына ұйытқы болды. Осы жағдайлар оның 1951–1952 жылы “ұлтшылдарды қолдаушы” деген науқаншыл айыппен Қазақстан КП ОК-нің құрамынан шығарылып, қудалануына алып келді. 1952 – 1955 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды. 1955 – 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1959 – 1961 жылы “Қазақфильм” киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесінің кеңесшісі қызметтерін атқарып, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ кино өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1961–1967 жылы Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1-орынбасары, 1967–1970 жылы Қазақ КСР-і Мәдениет министрі болды. Омаров осы кезеңде қазақтың эстрадалық өнерін, ұлттық циркті, театр жұмысын жетілдіруге, кәсіби өнердің басқа да салаларын тыңнан дамытуға барынша күш салды. Осы жылдары қазақтың хор капелласын, классикалық және халық билерінің хореграф.

Жетістіктері “Жас балет” ансамблін, Жетісай қаласында қазақ музыкалы драма театрын ашуға және жастардың эстрадалық “Гүлдер” ансамблін құруға ұйтқы болды. “Мәдени ескерткіштерді қорғау туралы” заң қабылданды. “Әдебиет туралы ойлар” (1962), “Оқушы көзімен” (1967), “Серпін” (1970), “Шабыт шалқары” (1973) еңбектері жарық көрген. Омаров Ленин орденімен, 3 рет Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, медальдармен марапатталған.

ХХ ғасырдағы қазақтардың соңдай қадір тұтқан, ұлы деп сүйген азаматының бірі – Ілияс Омаров еді. Оның биік адамгершілігі, азаматтық қайраткерлік өнегесі, жан-жақты таланттылығы мен білімпаздығы Ілекенді өз заманының озық ойлы ұлдарының қатарына көтерді. Онымен қоштасуға арналған сөзінде Ғабит Мүсірепов: «Тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас-бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай азамат, адамгершілікке, әділетке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмай өткен бір адам Ілиястай-ақ болар. Үлкендер қатарында кіші емес, кішілер қатарында үлкен емес бір жан еді-ау!» - деген еді. Осы сөзге имандай иланбайтын, қол қолмайтын адам Ілекенді көргендер ішінде болмас-ты.

Ол жан-жақты білімді болды. Алған білімі жағынан экономист, басшы қызметтерде жүріп, халық шаруашылығының барлық саласын жақсы игерді. Оларды өмірден көргеніне ғана сүйеніп үйренген жоқ, сол саланың ерекшеліктері жайлы да көп оқыды, зерттеді. Зерттеп, оқып, әбден кезі жетпей, Ілекең ештеме жасамайтын. Жобамен асығыс қорытынды жасау оның әдетінде жоқ еді. Мәдениет, идеология мәселелерінің ол кемеңгер білгірі болды. Кітап оқу оның үзілмейтін кәсібі болатын. "Жан-жақты жетілу адамның ойлау мөлшерін кеңейтеді. Сондықтан қанша маман болсаң да, өз кәсібіңнің тар шеңберінде қалу адамды мүгедек етеді, адамзат дамуының жалпы жүйесінен сырт қалдырады. Әрине, өз кәсібінді толық игермей тұрып, құр білгіш болу да қиын, әрі зиянды. Қандай да болса, екі жақтағы шетте қалудан сақтанған дұрыс. Қоғамға пайдалы болу үшін көп нәрсені білуің керек. Сөйтіп өз кәсібінді жетілдір, ең бастысы, оны қоғамға пайда әкелетіндей ет" — деген кағиданы,ол өмірде берік ұстанды. Ілекең күнделігіндегі осы сөздер — оның адамдық берік принципіне айналған дүние еді.

Ілияс Омаров

Осылардың бәрі Ілиястың биік азаматтық үлгісін танытады. Онда данышпандықтың белгілері мол еді. Сондықтан абзал ағаның жарқын бейнесі әрдайым біздің жүрегімізде өмір сүреді. Қостанай қаласында Қазақ драма театры І. Омаровтын атында.

2000 жылдың 7-шi ақпанында № 28 облыс әкiмінің шешiмімен құрылды. 2001 жылдың 26-шы қыркүйек айының № 109 бойынша театрымызға жерлесiмiз, белгiлi мемлекет және өнер қайраткерi Iлияс Омаровтың аты берiлдi.

2001 жылдан 2008 жылға дейін театр Петропавл, Көкшетау, Орал, Қостанай, Қызылорда, Ақтау қалалрында өткен барлық Республикалық театрлар фестивальдеріне қатысып, әртістеріміз ең үздік әйел, ерлер рөлін сомдаған үшін бірнеше номинацияларға, сонымен қатар ең үздік сценография және фестивальдің лауреаты атақтарына ие болды. Астана, Қарағанды, Павлодар, Шымкент және Қостанай областары бойынша гастролдік сапарларға шықты.

Тәжірбие алмасу үшін Қарағанды театры, Астана музыкалы драма театры, Челябі орыс театры, Алматы жасөспірімдер театры, Арқалық жасөспірімдер театрлары келді.

Спектакльдердің құрылуы мен шығуына кәсіби қоюшы-режиссерлар жұмыс атқарды, атап айтсақ С.Асылхан, Ж.Хаджиев, Б.Ұзақов, Н.Жұманиязов, Б.Сейтмамытұлы, С.Қарабалин, Т.Жаманқұлов.

Жаңалығы мол маусым

Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының жаңа маусымы қазан айының басында ашылмақ. Бұл туралы өнер ордасының көркемдік жетекшісі Ерсайын Төлеубайдан білдік. Театр ұжымы үлкен ізденіс үстінде екен. Биылғы маусымда көрермендерді зор жаңалықтар тосып тұр.

Олай деуімізге бірінші себеп, жаңа театр ғимаратының бой көтеріп жатқаны. Құрылыс жұмыстары күздің соңына қарай, не Тәуелсіздік күніне таяған уақытта бітеді деп күтілуде. Екінші жаңалығы – «Абай» пьесасы. Қойылымға дайындық басталып кеткен. Оны жаңа театр сахнасына шығармақ. Көрермендер тағы бір қуантарлық жаңалықпен келер жылдың қаңтар айында қауышқалы отыр. Театр ұжымы Ілияс Омаровтың 100 жылдық мерейтойына арнап, спектакль қоюды жоспарлап қойған. Тұлға туралы туындыны белгілі жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа тапсырыспен жаздырып жатыр. Құдай қаласа, қазан айында шығарманың толық нұсқасы театр режиссерінің қолына тиеді. Бұл ізденістердің бәрі Қазақстан театрларында жиі кездесе бермейтін атаулы жаңалықтар.

«Абай» пьесасы Ерсайын Төлеубайдың (суретте) нұсқасы бойынша осыған дейін бір-ақ рет сахнада көрсетіліпті. Ол бізбен әңгімесінде біраз сырды ақтарып тастады:

– Несін жасырайын, менің көрсеткелі отырған Абайым бұрынғы Әуезов бейнелеген немесе ел айтып жүрген, құдайдай көрген Абай емес. Сонда ол қандай Абай? Жаңа заманға, әлем әдебиетінің қойнауына сүңгіп, талғам тереңдеген сайын Абайдың да сан қырларын аша түседі екенсің. Мен ұлы дана өмірінің соңғы кезеңін алып отырмын. Оның тағдыры тым ауыр жағдайларға толы болды. Араларына алты айдан салып, балалары көз жұмды. Мағауия қайтыс болғаннан кейін тура 40 күн өткенде өзі өмірден озған. Одан дәл бір жыл асқанда баласы Ақылбай дүние салады. Осылай дүркіреген әулеттің тас-талқаны шықты. Неге олай болды? Құнанбайға Кеңгірбай бидің берген батасы қате кетпегендіктен. Әкесі Өскенбай ауызы дуалы абыздан баласына бата сұратқанда, «Тоғыз ата толғанша, түндігің түрілмесін» деп теріс қол жайыпты. Оған дейін оның алдына бата сұрап баруға Тобықтыдан ешкімнің дауасы жетпеген. Кеңгірбай теріс бата берердің алдында бәйбішесін қырға қаратқанда, төрт бөрі жортып барады екен. Құнанбайға бата бергеннен кейін көз жүгірткенде, әлгі төртеуі екеуге кеміпті. Сонда би: «Әлі екеуі қалыпты. Жарар, барса барсын» депті. Төрт киесінің екеуі ғана Құнанбайға дарыған. Зере жылап келіп, болған жайды Өскенбайға жеткізеді. Ал, ол: «Кеңгірбайдың бұл батасының өзі бақ сыйлайды» деп тоқты сойып, шағын той жасапты. Десе дегендей, Құнанбай ер жеткенде ел болыстыққа сайлап, құрметтейді. Бірақ, Кеңгірбайдың айтқаны келді. Жұрт неге Абайды түсінбеді? Оған данышпан өзі жауап береді. «Кінәнің бәрі өзімнен» дейді. Ал, мен осы жерден тоқталайын. Қайсыбір әңгімені тауысайын. Қалғанын өздеріңіз көресіздер.

Абайды сомдауға әзірге екі актер бекітіліп тұр: Берікхан Төкенов пен Қонысбек Бегайдаров. Әзірге екі жігіттің қайсысы ойнайтыны нақтыланған жоқ.

Театр 11 қыркүйекте облыстың оңтүстігіне гастрольдік сапармен аттанғалы отыр. «Міржақып» спектаклін дайындап апарады.

Өнер ордасының ойлаған үлкен жоспарлары әлі де көп. Келер жылы республикалық театр фестивалін өткізсек деген ойлары да бар.

І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры.

Қостанай қаласы, Маяковский көшесі, 119. 

Жаңа театр «Абаймен» ашылады

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай, Қостанай қаласындағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының жаңа үлгідегі ғимаратының ашылу салтанатына, Ұлы Абайдың өмірінің соңғы жылдарындағы қайғы-қасіретке толы оқиғалар желісіне құрылған қойылым көпшіліктің назарына ұсынылмақ.

Бұл қойылым Абай туралы қазақ сахнасында 1940 жылдан бері қойылып келе жатқан жаттанды үлгіден мүлде бөлек. Жаңа көріністе Ұлы ақынның алпысқа қараған жасында өз ортасынан орын таппай, ауыр ой арқалап, іштей егілген кезі суреттеледі. Қойылымда «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан жанның» тереңдегі жұмбағын, Абай азабының айтылмай келген тылсым бейнесі көрсетіледі. Қойылымның авторы әрі режиссері - Қазақстанның халық артисі Ерсайын Төлеубай.

Қостанай облысының әкімі Сергей Витальевич Кулагиннің бір ерекшелігі - өзі басшы болған жерде қазақ театрын салады. Бұған дейін Арқалықта, Көкшетауда жаңа мәдениет ошағын салдырды. Енді міне, Қостанайдың ортасынан соңғы үлгідегі, екі залдық қазақ театры ашылып жатыр. Бұл облыстық бюджеттің қаржысына салынды. Әкімімізге ризамыз, он жыл бойы театр қызметкерлеріне үй берілмеген, «Жақында жаңа пәтерлерге ие боп қаламыз ба?» деген үміт бар. Алдымыздағы жылы Ілияс Омаровтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы республикалық деңгейде және осы кісінің атындағы Қостанай облыстық драма театрының он жылдығы аталып өтейін деп жатыр. Осыған орай, республикалық театр фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Репертуарымыз бай, елуден астам спектальді сахнаға шығардық. Алғаш рет М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ы.Алтынсарин, С.Баймағамбетовтің образдары сахнада сомдалды. Әлемдік қойылымдардың ішінен Шекспирдің «Гамлет», «Король Лир» пьесаларын қазақшалап, сахнаға шығардық. Жылда жаз айларында аудандарға, басқа облыстарға гастрольге шығып тұрамыз. Маңғыстау, Орал өңірлеріне, көрші Қызылжарға гастрольмен барып қайттық. Келесі жылы Алматыға гастрольмен баруды жоспарлап отырмыз, - дейді Ерсайын Төлеубай.

Қасым Аманжоловтың өлені Ілияс Омаровқа арналған.

Танымаймын, қанықпын сыртыңыздан,
Мен ризамын еліме ұл туғызған.
Таныстықтың пердесін аштым жырмен,
Жат болмассыз ақындық ғұрпымыздан.

Күле кіріп бұл жерге әдеппенен,
Күңірене шықпаспын әдетпенен.
Аға көрдім өмірде, іні көрдім,
Қайсысынан көңілім дәме етпеген?

Талай жанға қойғанмен адам атын,
Ел таниды өзінің азаматын.
«Азамат!» деп ел Сізге ат қойыпты.
Сол себепті бұл жырды жазады ақын.

Жасап көрген емеспін сөз саудасын,
Тебіренгеннен тереңнен шығар даусым.
Туған елі өлеңнен құя салған,
Алдыңызда отырған мынау Қасым.

Өмір теңіз толқыны теуіп сыртқа,
Шығарып та тастап жүр кей уақытта.
Тереңіне қайтадан ұмтыламын,
Толқынымен ойнаймын, ақпай ыққа.

Жаман-жақсы болсам да ел ұлымын,
Елім деген ер болса – серігімін.
Туған елдің намысын, абыройын,
Өрге тартар бір жүрдек көлігімін.

 

Ілиас Омаров туралы:

1. Қайырбеков, Ғ. Еске алсам ескі күннің мұнарынан..: өлеңдер / Ғ. Қайырбеков // Таң-шолпан.- 2008.- № 4. - 115-122 б.

2. Айқадамова, А. Үлкендер ішінде кіші емес, кішілер ішінде үлкен емес бір ғажап жан: [Ілияс Омаров туралы] / А. Айқадамова // Қостанай таңы.- 2007.- 3 қазан. - 1 б.

3. Жақсанов, О. Тау тұлға: көрнекті қоғам қайраткері, жазушы-публицист Ілияс Омаров жайлы толғаныс / О. Жақсанов // Костанай.- 2009. - 5 мамыр. - 7 б.

4. Қайыпбаева, А. Ілияс Омарұлы [Мәтін] / А. Қайыпбаева // Қазақстан тарихы.- 2004. - № 5 - 110-117 б.

5. Қайыпбаева, А. Ілияс Омарұлы / А. Қайыпбаева // Қазақ тарихы.- 2005.- № 1.- 76-79 б. 6. Қирабаев, С. Ілияс Омаров / С. Қирабаев // Қирабаев, С. Өмір тағылымдары: естеліктер.- Алматы.- 2006. - 218-226

б. - (Әдеби мемуарлар).

7. Меңдібаев, С. Тектілік / С. Меңдібаев // Жас өркен - Қостанай.- 2005.- № 4. - 2-4 б.

8. Меңдібай, С. Бұлақтай таза, теңіздей терең, аспандай асқақ / С. Меңдібай // Қостанай таңы.- 2005. - 29 сәуір. - 5 б.

9. Меңдібай, С. Ілекеңнен қалған інжу сөз: [Ілияс Омаровтың нақылдары, әзіл - қалжыңдары] / С. Меңдібай // Қостанай таңы.- 2007.- 21 қыркүйек. - 4 б.

10. Сейдахмет, Қ. Біртуар: [қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Омаров туралы] / Сейдахмет Қ // Қостанай таңы.- 2008.- 9 қаңтар. - 4 б.

11. Төлеуханқызы, А. Ар алдында аласармаған / А. Төлеуханқызы // Егемен Қазақстан.- 2010.- 13 тамыз. - (№ 338-339) - 5 б.

12. Шаяхмет, А. Мәдениеттің биік бақаны: [Ілияс Омаров туралы] / А. Шаяхмет // Жас Өркен - Қостанай.- 2007.- № 5. - 9-11 б.

13. Шәмшиев, Қ. Елінің данасы еді: [Ілияс Омаров туралы] / Қ. Шәмшиев // Қостанай таңы. - 2007.- 28 қыркүйек. - 7 б.


Тілдер

Zoom

Current Zoom: 120%

Жолдау 2023

Antikor оrtalyǵy

Бір ел – бір кітап

Қазір сайтта

Қазіргі уақытта желіде 1 user қолданушы және 97 guests қонақ.

Жүйеге кіру

Назар аударыңыздар!

Әдеби карта

Біздің оқырмандар

Шектеусіз кітапхана