Қостанай округының Обаған ауданы 1928 жылы құрылды. Бірнеше рет аты өзгеріп, ірілендіріліп, қайта бөлінгеннен кейін, 1991 жылдан бері Алтынсарин ауданы аталады. Аудан орталығы — Обаған селосы. Аумағы 5,5 мың шақырым жерді алып жатыр. Тұрғындар саны 17 мың адамға жуық. Экономикасының басты бағыты — ауыл шаруашылығы. Егістік көлемі 155 мың гектар.
Ауданда 23 жалпы білім беру мектебі, бір балалар спорт мектебі, екі Мәдениет үйі, 14 кітапхана жұмыс істейді. Тұрғындарға аудандық аурухана, 5 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 20 фельдшерлік-акушерлік орындар қызмет көрсетеді.
Бұл - қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринның отаны. Аудандағы көптеген назар аударарлық орындар Алтынсарин атымен және оның ата-балалары атымен тығыз байланысты. Бұлар - Ыбырай құдығы, Санай орманы, Сартай селосы тағы басқалар.
Алтынсарин ауданының табиғаты бай да көрікті. Оның негізгі бөлігін Ара-қарағай ормандары алып жатыр. Бұл жерде балаларға арналған оннан астам демалыс лагерлері орналасқан. Оларда жыл сайын жазғы каникулдарын Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген жүз мыңнан астам мектеп оқушылары жазғы каникулдарын өткізеді. Солтүстік Қазақстанның ең басты шипажайы — атақты "Сосновый бор" да Алтынсарин ауданының аумағында.
Табиғи-климаттық мүмкіндіктерді туризм мен демалыс саласын, курорт ісін одан әрі дамытуға пайдалану - Алтынсарин ауданы тұрғындарының басты жоспарларының бірі. Бұл салаға бюджеттік бағдарламалар, шағын және орта бизнес мүдделері жұмылдырылған. Мәселен, "Елатом" ЖШС облыстың медициналық және курорттық мекемелерінің тапсырыстары бойынша жиһаздар жасайды. 2006 жылы қарағайлы орманның ең әсем жерлерінде екі жаңа мейрамхана кешені салынбақ. Оған аудан бюджетінен 105 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. 2010 жылға дейін бұл салаға 550 миллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған.
Бүге-шігесіне дейін ойластырылған және тұрақты қаржыландырып тұратын "ауыз су" бағдарламасы жүзеге асуда. Республика жұртшылығына жақсы танымал "Сосновый бор" минералды суын құю зауытын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ол жүзеге асқан соң кәсіпорын қуаты бірнеше есеге өседі.
Аудан аумағында жаппай жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын қажетті материалдармен қамтамасыз ету үшін Лермонтов ауылдық округы аумағында қуаттылығы бір миллион данаға жететін кірпіш зауыты салынуда. Есік-терезелер жасау цехтары жұмыс істейді. 2006-2008 жылдары ауданда әлеуметтік сала қызметкерлері үшін екі мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі.
Дереккөзі: Алтын дала; Костанайская область; фотокнига /сост. Г. Дильдяев; осн. фотосъемка В. Бугаева; предисл. С. Кулагина.- Алматы: Атамұра, 2005.- 352 стр.